16
сентябрь
2019
"Қыздар тәрбиесі . Ерте жүктіліктің алдын алу"
Дінмұхмед Ахметұлы Қонаев атындағы орта мектебінде өткізілген кездесудің 2 - бөлімі "Қыздар тәрбиесі . Ерте жүктіліктің алдын алу" бағытында жүргізілді . Талас аудандық орталық емханасының алдын алу бөлімінің психологы Қожатаева Лаура Елеубайқызы сөз алып , боямасыз өмірде жауқазындай жайнаған қыздардың албырт сезімге бой алдырмай , өкінішсіз ғұмыр кешулеріне бағыт бере келе , ерте жүктіліктің зияны , қыздар гигиенасы туралы психолог кеңесін шебер үйлестіре білді . Қыздар өз тараптарынан толғандырып жүрген сауалдарын қойып , жауап ала білді . Мектептегі "Қыз Жібек" қыздар клубының жетекшісі Р.Күзенбаева , өмірден түйгені мол , ұлағатты ұстаздар Б.Көпбосынова , Р.Қуандықова өздерінің ой - пікір , көзқарастарын ортаға салып , қыздарға өмір - дүние толқынында : шешілмейтін жұмбақ , шағылмайтын жаңғақтай мықты болуға , ішкі сырын сыртқа шығармай , өте мығым , тиянақты болуға шақыруы сәтті шықты . Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары С.Түменбаева сөз алып , қыздарға өз аналарына жақын болуға , өздерінің ішкі жан сырларымен бөлісіп , кемел келешекте жайлы ғұмыр кешу - өз қолдарыңда ! - деп ой түйіп , кездесуді түйіндеді . Қыз - өмірдің гүлі , ашылмаған тал - дарақтың бір бүршігі !